Ғылыми-зерттеу бастамалары
«Samgau» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы»
«Самұрық-Қазына» АҚ тобы шеңберінде құрылған «Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» коммерциялық емес ұйымы жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын шоғырландыруға және жүйелеуге бағытталған.
2022 жылдың желтоқсан айында Орталық «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығының алаңында қайта тіркеу рәсімінен өтіп, «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» қоры (бұдан әрі — ҒТБО) коммерциялық емес ұйымына айналды.
ҒТБО мақсаты — ғылымды қажет ететін экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін тиімді және ашық экожүйені қалыптастыру арқылы ғылыми зерттеулер мен инновациялық қызметті қолдау.
ҒТБО өзіне өтінім беруден бастап жобаны аяқтауға дейінгі барлық кезеңдердегі процестердің ашықтығы мен түсінікті болуын қамтамасыз ететін ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды іріктеудің және іске асырудың сенімді жүйесін құру міндетін қояды. Бұл жүйенің тиімділігі жобаларды мұқият сараптау арқылы қамтамасыз етіледі, ал ашықтық оны іске асырудың әр кезеңінде жобаның мәртебесі туралы ақпаратқа қол жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі.
ҒТБО ғылыми-инновациялық қоғамдастық пен индустрияның тиімді өзара іс-қимылының тетіктерін әзірлейді, сондай-ақ өндірістік процестерді оңтайландыруға бағытталған озық технологиялық міндеттерді шешу үшін елдің ғылыми және зияткерлік әлеуетін шоғырландыруға белсенді жұмыс істейді.
Ұлттық инновациялық және ғылыми-зерттеу жүйесінің бір бөлігі бола отырып, ҒТБО мемлекеттік органдармен, даму институттарымен, ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және университеттермен, индустриямен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасайды.
Осылайша, компаниялардың ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылық пен әлемдік бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуі мақсатында Қор тобының ғылыми-технологиялық дамуы саласында бірыңғай саясат қалыптастырылуда.
2023 жылғы желтоқсаннан бастап Қордың жер қойнауын пайдаланушылары ғылыми зерттеулерді ҒТБО арқылы қаржыландыруды жүзеге асырады. «Бір терезе» қағидатына негізделген іріктеу мен қаржыландырудың жаңа тетігі Қор ішінде ресурстарды оңтайлы және ашық бөлудің негізгі құралына айналды. Бұл инновациялық жүйе ғылыми жобаларға тиімді қолдау көрсете отырып, ғылым мен өндірістің басым бағыттарын дамытады.
2023 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 84-тен астам өтінім қаралды. Қордың ғылыми-техникалық кеңесінің қарауына 5 перспективалық жоба шығарылды және мақұлданды.